ДІННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Жарияланған уақыты: 11.04.2018

Ұлттық журналистік зерттеу орталығы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып, "Нұр Отан" партиясының қолдауымен журналистер арасында байқау жариялады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында журналистерге арналған баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Жиын барысында сөз алған Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы, діннің өзекті мәселелері төңірегінде журналистер арасында байқау жариялауға байланысты пікір білдірді. «Байқаудың мақсаты не?» деген сұраққа келсек, қазір бүкіл ел болып, қоғам болып бәріміз діни экстремизм, радикализм сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Оның үстіне журналистер қауымы да атсалысып, әртүрлі мәселелерге қатысты ақпараттар беріп жатыр. Десек те, журналистердің белсенді болып, осы тақырыпқа қатысты халыққа ой салып, көбірек дұрыс мәлімет берулерін қамтамасыз ету үшін байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. Себебі қазіргі кезде ақпарат құралдарының рөлі өте зор" , - деді Есенбеков Айдар Рахымжанүлы.

Енді байқау туралы ақпаратқа келер болсақ, байқау мерзімі 2018 жылдың 1 сәуірі мен 1 қазаны аралығын қамтиды. Жеңімпаздарды марапаттау 18 қазан – ҚР Рухани келісім күні мерекесі күні қарсаңында Алматы қаласында өтпек. Байқау жүлдесінің жалпы қоры – 1 000 000 теңге. "Елдегі тұрақтылық пен қоғамдағы бейбітшілікті сақтап, баянды ету үшін мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бірқатар іс-шараларға қарамастан, соңғы уақытта кейбір жастардың жат ағымдағы көзқарастардың ықпалына ұшырап, экстремистік әрекеттерге бой алдыруы байқалуда. Өйткені ашық ақпарат кеңістігін өз мақсатына пайдаланған теріс пиғылды ағымдар еліміздің аумағында да кездесуде. Сондықтан осы бағыттағы күрестің негізгі тетігі – тұрғындардың діни сауаттылығын арттырып, ақпараттық насихаттық жұмыстарды күшейту", - дейді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Алмажан Әскербайқызы.

Биылғы байқаудың өткен жылғы байқаудан аздаған айырмашылығы болмақ. Былтыр  кез келген журналист өздерінің жұмыс орындарынан анықтама қағаздарын алып келуге міндеттелген. Сонымен қатар, жазған мақалалары мен роликтерін белгілі бір орынға әкеліп тапсыру талап етілген. Биыл осының бәрі жеңілдетілді. Енді материалдардың барлығы электронды түрде қабылданады. Сонымен қатар қатысушылардың ауқымы кеңейтілген. "...Өйткені, былтыр біздің жобамызға қаламгерлер мен ғалымдар атсалысса деген ұсыныс түскендіктен, биыл жобаның аясын кеңейтіп, оған қаламгерлер, көсемсөзгерлер, ғалымдар және журналистер де қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, осы мәселеге бұрыннан қалам тербеп жүрген азаматтардың бәріне де байқауға қатысуға мүмкіндік бар. Басты талап – дінді насихаттамау, керісінше оның төңірегіндегі мемлекеттік саясатқа қарсы дүниелерден халықты ақпараттандыру.  Кез келген журналист қазіргі уақытта ақпараттық қамтамасыз ету тұрғысынан осы экстремизм, радикализм мәселелерін талқылап жазып, халықты ағарту ісімен айналысып жатыр. Үлкен қызметтер атқарып жүргендіктен оларды да ынталандырып қойған дұрыс. Сондықтан бұл байқау осы бағытта туындаған жоба еді", - дейді  "Ұлттық журналистік зерттеу орталығы" қоғамдық қорының басшысы Дәрмен Смайыл.

Діни экстрмемизмнің алдын алуға байланысты байқау келесі номинациялар бойынша жүргізіледі:

- ең үздік әлеуметтік ролик

- ең үздік телевизиялық бағдарлама;

- ең үздік радиобағдарлама;

- интернет ресурстағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала;

- интернет ресурстағы орыс тіліндегі ең үздік мақала;

- мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала;

- мерзімді басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала;

- әлеуметтік желілердегі ең белсенді қолжетімді топ;

- ең белсенді блогер.

Жеңімпаздарды барлық номинациялар бойынша бағалы сыйлықтармен марапаттау, сонымен қатар 5 (бес) ынталандыру сыйлығы;

Байқау шарттары:

Алматы қаласында тіркелген немесе тілшілер қосыны бар БАҚ-тағы кез келген журналист, сондай-ақ ғалым, көсемсөзгер, қаламгер қатыса алады. БАҚ басшылығының рұқсаты талап етілмейді. Байқау екі тілде өтеді.

Байқауға 2018 жылғы 1 сәуірінен бастап 1 қазан аралығында жарияланған материалдар қабылданады.

Басты қойылатын талап – Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, дін атын жамылған экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету.

Қандайда бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданбайды.

Байқауға қатысушылар Ұйымдастыру комитетініңuzhzo2005@mail.ru электронды поштасына (байланыс телефоны: 87775654078) мынадай материалдарды жіберуі тиіс:

1). Автор туралы мағлұмат /туған жері, күні, айы, жылы, телефон/;

2). Байқау материалы жарияланған БАҚ-тың pdf-нұсқасы немесе скриншоты, портал-сайттағы материалдың скриншоты немесе электронды сілтемесі (бар болған жағдайда), теле-радио бағдарламалардың mp4-нұсқасы немесе электронды сілтемесі (бар болған жағдайда);

3). Автор әр номинацияға 1 немесе 2 материал ұсына алады;

4). Бір автор бірнеше номинацияға қатыса алады;

5). Барлық материалда байқаудың қандай номинациясына ұсынылатыны туралы ақпарат болуы міндетті. Номинациясы көрсетілмеген материал байқауға жіберілмейді.

Байқау кезеңдері:

1. Байқауға қатысушылардан материалдарды қабылдау (1 қазанға дейін);

2. Материалдарды сараптау және жеңімпаздарды анықтау (1-10 қазан аралығы);

3. Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау (Рухани келісім күні қарсаңы).

Байқау жеңімпаздарын марапаттау:

Байқауды ұйымдастыру комитеті жүргізіп, жеңімпаздарды 5 немесе 7 адамнан тұратын қазылар алқасы таңдайды. Алқа байқау марапаты басталғанша құпия түрде сақталады. Байқауға ұсынылған материалдар қайтарылмайды. Байқау жеңімпаздары арнайы номинациялар бойынша тағайындалған ақшалай жүлделермен және арнайы дипломдармен марапатталады.

 

Ұйымдастыру комитеті

 87775654078