"Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл: талдау, алдын алу, оңалту" тақырыбында екі күндік республикалық семинар өтті

Жарияланған уақыты: 02.07.2018

Ағымдағы жылғы 28-29 маусымда Алматы қаласында азаматтық қоғам институтын дамыту бойынша "Белсенді мегаполис" жол картасын жүзеге асыру аясында қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен "Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл: талдау, алдын алу, оңалту" тақырыбында екі күндік республикалық семинар өтті.

Семинардың мақсаты дін саласындағы өзекті мəселелерді талқылау жəне талдау, өңірлер бойынша істеліп жатқан жұмыстар бойынша тəжірибе алмасу жəне тиісті ұсыныстар беру.

Іс-шараға Алматы қаласы əкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, ҚР Президент Əкімшілігінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин, ҚР Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Атығай Арыстанов жəне өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері, республикамыздың аумақтық Дін істері жөніндегі басқармалары мен олардың ведомствалық бағынысты орталықтарының басшылары, сарапшылар мен теологтар қатысты.

Осы ретте, Асқар Сабдин, Анатолий Косиченко, Наталья Сейтахметова, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Руслан Иржанов жəне т.б. дін саласындағы белгілі сарапшылар мен ғалымдар, саясаттанушылар семинар-тренингтер өткізді.

Іс-шара соңында қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков екі күндік семинарды қорытындылап, қала басшылығы қол қойған сертификаттарды аумақтардың басқармалары мен олардың орталықтарының басшыларына, сондай-ақ, семинарға белсенді қатысқан сарапшылар мен теологтарға табыс етті.