Алматыдағы сауда орталықтарының намазханаларында түсіндіру жұмыстары басталды

Жарияланған уақыты: 12.07.2018

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ағымдағы жылғы 4 шілдеде «Көк базар» және 8 шілдеде «Арлан» сауда орталықтарында жат ағымдар өкілдерін дәстүрлі қазақ қоғамына бейімдеу және олардың идеологиялары таралуының алдын алуға бағытталған насихат жұмыстарын жүргізді. «Дін мен дәстүр» деп аталатын жобаға дінтанушы-теолог Асылтай Тасболат тартылды. Жас ғалым жоба аясында базарлардағы жамағат өкілдеріне дәріс оқып, оларға дін мен дәстүрдің арасында сабақтастық бар екенін, қазақтың ырым-жоралғыларының бәрі ширк емес екенін ұғындырды. Дін маманы ретінде сауда орталықтарындағы әртүрлі дін өкілдерімен тілдесті.

Аталған бағыттағы жұмыстар екі форматта жүргізілетін болады. Бірінші формат, базарлардағы намазханаларға барып, намаз уақытысында жиналған жамағатқа «Дін мен дәстүр» тақырыбында дәріс оқылады. Құдай тағала адамдар бір бірін тану үшін, оларды қауымға бөліп жаратқанын, мұсылман болу араб болу дегенді білдірмейтінін, қазақтың салт дәстүрі мен әдет-ғұрпы ислам дінімен астасып жатқаны баяндалады. Екінші формат бойынша, сыртқы кейпі жат ағым өкілдеріне ұқсас діндарлармен және оларға жақын жүрген діни көзқарасы беймәлім адамдармен арнайы жеке-жеке әңгімелесу жүргізіледі.