Алматы қаласының мешіттері жамағаттарынан құралған командалар арасындағы футбол лигасының ресми ашылу іс-шарасы өтті

Жарияланған уақыты: 18.06.2018

Ағымдағы жылғы 16 маусымда «Алматы Арена» мұз айдыны кешені жанындағы жеңіл атлетика стадионында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласының мешіттері жамағаттарынан құралған командалар арасындағы футбол лигасының ресми ашылу іс-шарасы өтті.

Іс-шараға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы А. Есенбеков, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Е. Шохаев, қала мешіттерінің имамдары мен футбол құрамалары және қала тұрғындары қатысты.

Шара барысында Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы А. Есенбеков сөз алып, «мешіттер жамағаттары арасында футбол лигасы өткен жылы бастау алғандығын және оған 403 команда қатысқандығын айтып, барша қатысушыларға алғысын білдірді.

Денсаулық Алланың берген аманаты дейді. Сондықтан денешынықтырумен жүйелі айналысып, денсаулықты шынықтырып отыру маңызды. Бұл шаралар ең алдымен салауатты ұлт қалыптыстыру жолындағы Елбасының тапсырмасын орындау аясында өткізілуде.

Елбасымыздың таяуда жалпы жұртшылықты спортпен шұғылдануға шақырған бастамасын барша мешіттер қолдап, белсенді жүзеге асырып жатыр деп айта аламыз. Жыл соңына дейін көптеген спорттық шаралар жоспарланған. Оған қомақты жүлделер де қарастырылып отыр» -деп атап өтті.

Осы жолы лиганың жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайды. Өткен маусымда осы футбол лигасының жеңімпазы болып «Төле би» (Алмалы ауданы) мешіті атанған болатын.

Сонымен қатар, қалалық Орталық мешіттің бас имамы Е. Шохаев аталған іс-шараның мешіттер жамағатын спортпен шұғылдануға тартудағы және салауатты өмір салтын ұстануға шақырудағы маңызының зор екендігін айтып, барлық қатысушыларды спорттық жобаға белсенді атсалысуға үндеді. Сондай-ақ, аталған спорттық шараның өткізуге бастама болып отырған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына өз алғысын білдірді.

Бұдан басқа, шара кезінде ләңгі тебу, бампербол сынды ойын түрлері және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шараға қатысушылар мен келушілер үшін ораза айт мейрамана орай мерекелік дастархан жайылды.