Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес туралы ереже

Алматы қаласы әкімдігінің

2018 жылғы « ___ » ________

№ _____ қаулысымен бекітілген

Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Діни бірлестіктермен

байланыс жөніндегі кеңес туралы

ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. Дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi кеңес (бұдан әрi - Кеңес) Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентi мен Yкiметiнiң актілерін, Алматы қаласы әкімдігінің қаулылары мен қала әкімінің өкімдерін, өзге де нормативтiк құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

3. Кеңес өз қызметiн мемлекеттiк органдармен, республиканың және қаланың дiни, өзге де қоғамдық бiрлестiктерiмен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылда жүзеге асырады.

4. Кеңестiң шешімдерi ұсынымдық сипатқа ие.

2. Кеңестiң мақсаты, мiндеттерi мен функциялары

5. Кеңестің мақсаты Қазақстан Республикасы азаматтарының діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету, қоғамдағы рухани келісімді нығайту және конфессияаралық қатынастарды үйлестіру саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Кеңестің негізгі міндеттері:

1) қаладағы дiни ахуалды және оның даму үрдістерін жан-жақты және объективті зерделеу, жалпылау және талдау;

2) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;

3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын және Алматы қаласының әкімдігін қаладағы діни ахуалдың жай-күйі және діни сенім бостандығы туралы заңнаманың сақталуы туралы хабардар ету;

4) дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi қала аудандары әкімдері аппараттарының жұмысын үйлестiру;

5) дiни бiрлестiктер арасындағы өзара түсiнiстiк пен төзiмдiлiктi нығайту және оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес консультативтiк көмек көрсету болып табылады.

6. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес заңнамамен белгіленген тәртіпте келесі функцияларды жүзеге асырады:

1) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыруға қатысады;

2) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;

3) азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша консультативтік жұмыс жүргізеді;

4) шет мемлекеттердің тиісті ұйымдарымен халықаралық байланыстар орнатады және оны жолға қояды.

3. Кеңестiң қызметiн ұйымдастыру және жұмыс тәртiбi

7. Кеңесті Төраға – тиісті мәселерге жетекшілік ететін Алматы қаласы әкімінің орынбасары басқарады.

8. Кеңестiң мәжiлiстерi жарты жылда кемiнде бiр мәрте өткiзіледi. Кеңестiң кезектен тыс мәжiлiсi Кеңес төрағасының жеке бастамасы бойынша немесе Кеңес мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң өтiнiшi бойынша шақырылады.

9. Егер Кеңес мәжілісiнің жұмысына Кеңес мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, ол заңды болып есептеледi. Кеңестiң шешiмдерi мәжіліске қатысып отырған Кеңес мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Кеңес Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

10. Мәселелердi пысықтау, мәжiлiстердi дайындау, сараптама және талдау жұмыстарын жүргiзу үшiн Кеңес мүшелерiнің бiрiнiң басшылығымен әрекет ететін жұмыс топтарын құра алады.

11. Кеңес өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн заңнамамен белгiленген тәртiпте:

1) мемлекеттiк органдардан, дiни ұйымдар мен жеке тұлғалардан Кеңестің құзыретiне кіретін мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты сұратуға;

2) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың ақпараттық деректер банктерiн пайдалануға;

3) құжаттарды әзірлеуге заңнамамен белгіленген тәртіпте ғылыми ұйымдарды, тәуелсіз сарапшыларды және мамандарды тартуға;

4) заңанамамен белгіленген тәртіпте азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы республиканың заңнамасын бұзатын діни бірлестіктердің және шетелдік миссионерлердің қызметіне тиым салу бойынша ұсыныстар енгізуге;

5) Кеңес құзыретiнің мәселелеріне қатысты нормативтiк құқықтық актілердің жобаларын әзiрлеуге қатысуға;

6) заңнамаға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы.

4. Кеңестiң қызметiн қамтамасыз ету

12. Кеңестің төрағасы, оның орынбасары, хатшысы және Кеңес мүшелері Алматы қаласы Мәслихатының шешімімен бекітіледі.

Төраға болмаған жағдайда оның қызметі Кеңес төрағасының орынбасарына жүктеледі.

13. Кеңес жетекшi конфессиялардың көшбасшылары, дiнтанушы ғалымдар, мемлекеттiк басқару органдарының қызметкерлерi және қоғам қайраткерлері қатарынан жасақталады. Кеңес мүшелерi өз мiндеттерiн қоғамдық негiзде жүзеге асырады.

14. Кеңес қызметін ұйымдастырушылық-сараптамалық қамтамасыз етуді Кеңес мүшелері жүзеге асырады.

5. Кеңестiң қызметiн тоқтату тәртiбi

15. Кеңес өз қызметін Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына және заңнамаға қайшы келмейтін басқа да актілерге сәйкес тоқтатады.